«Заманауи кабинет» жобасы

оқушылардың білім сапасы мен практикалық дағдыларын арттыруға бағытталған, мектеп кабинеттерін заманауи оқу құралдарымен жабдықтау жобасы.

18.12.2025

 

Абай облысындағы мектепке интерактивті панель: заманауи білім беруді дамытуға қосқан үлес

2025 жылғы 18 желтоқсанда қайырымдылық қоры Абай облысы білім басқармасының Ақсуат ауданы білім бөлімінің «Би Боранбай атындағы орта мектебі» КММ-нің Асқар Жакулин атындағы биология кабинетіне диагоналі 75 дюйм болатын заманауи интерактивті панель табыстады.

Жаңа құрал сабақтарды бұрынғыдан да қызықты әрі түсінікті өткізуге мүмкіндік береді. Енді мұғалімдер оқу материалдарын көрнекі түрде ұсынса, оқушылар сабаққа белсенді қатысып, ақпаратты жеңіл әрі тиімді меңгере алады.

Мұндай бастамалар білім беру сапасын арттырып қана қоймай, оқушылардың заманауи дағдыларын дамытуға да жол ашады. Қор алдағы уақытта да білім беру саласын қолдауға бағытталған жобаларын жалғастыра береді.

Жабдықтың жалпы құны 1 000 000 теңгені құрады.

 

                           

 

 

Заманауи кабинет

25.03.2025 жыл

   2025 жылы Асқар Жақұлы атындағы қайырымдылық қоры «Заманауи кабинет» атты жаңа жобаны іске қосты. Бұл жоба мектептердің химия және биология кабинеттерін заманауи білім беру стандарттарына сай жаңғыртуға бағытталған.

   2024 жылдың қазан айында қор өкілдері Семей қаласындағы облыстық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп, мектептерді аралап, материалдық-техникалық жағдайын, педагогикалық әлеуетін және оқушылар контингентін бағалап қайтты.

   Анализ нәтижесінде Семей қаласындағы №42 мектеп-интернаты ең мұқтаж және әлеуметтік маңызы бар мекеме ретінде таңдалды.

                                                                                                       

   Мектеп ғимараты 1974 жылы салынған. Мектепте жалпы 343 оқушы білім алуда. Оның ішінде шалғай ауылдардан және әлеуметтік осал топтардан шыққан балалар бар.

   Танысу сәтінде №42 мектептің биология кабинеті жөндеу және жабдықталған, ал химия кабинеті өте қанағаттанарлықсыз жағдайда болған: ескі жиһаз физикалық және моральдық тұрғыдан тозған, апаттық жағдайына байланысты оқу процесіне жарамсыз, зертханалық ыдыс-жабдықтар толық емес, демонстрациялық стендтер мен модельдер, сондай-ақ реактивтер сияқты шығын материалдары жетіспеген. Толыққанды теориялық және практикалық сабақтарды өткізу мүмкін болмаған.

                                            

   Соған қарамастан, мектеп жоғары деңгейде жұмыс істейді: түлектердің 70%-ы жыл сайын мемлекеттік гранттар алады, оқушылар олимпиадаларда жеңіске жетеді, ал мұғалімдер белсенді түрде жарияланып, конференцияларға қатысады.

   Дәл осы әлеуметтік осалдық пен жоғары әлеуеттің үйлесімі жобаны жүзеге асыру үшін мектепті таңдауда шешуші фактор болды.

   2025 жылдың қаңтар айында Асқар Жақулин атындағы қайырымдылық қорына №42 мектеп әкімшілігінен химия кабинетінің жаңғыртылуына қатысты ресми сұраныс түсті. Хатты алғаннан кейін қор «Заманауи кабинет» жобасының белсенді фазасына кірісті.

                                                 

   Алғашқы қадам ретінде нормативтік талаптарды мұқият зерттеу болды: Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің №70 бұйрығы «Мектепке дейінгі, орта білім беру ұйымдарын, сондай-ақ арнайы білім беру ұйымдарын жабдықтармен және жиһазбен қамтамасыз ету нормаларын бекіту туралы» ескерілді. Бұл, әсіресе, химия кабинетінің ерекшелігін ескере отырып маңызды – зертханалық жиһаздың, сорғыш шкафтардың, қорғаныс экрандарының және реактивтерді сақтау жүйесінің болуы.

   Қаңтар айында негізгі бағыттар бойынша жеткізушілерді іздеу және талдау басталды: мектеп жиһазы, зертханалық жабдықтар мен ыдыс-жабдықтар, химиялық реактивтер, интерактивті панельдер мен техника. Таңдау критерийлері – сенімділік, білім беру саласындағы жұмыс тәжірибесі және санитарлық-техникалық талаптарға сәйкестік болды.

   Жеткізушілермен келісімшарттар жасалып, қаңтар-ақпан айларында алғашқы төлемдер жүргізілді. Ақпан айында қор менеджері келген жабдықтарды қабылдау жұмыстарын бастады, наурызда – жиһазды жинау, үстелдерді, тақтаны орнату, интерактивті панель мен техниканы қосу, білім беру бағдарламаларды және қосымшаларды қамтамасыз етуін орнату жұмыстарын жүргізді.

                                                 

   25 наурызда жоба толық аяқталды. Химия кабинеті жаңартылды: заманауи жиһаз, қауіпсіз зертханалық жабдықтар, интерактивті панель, жаңа техника және жаңа жөндеу жұмыстары заманауи мектеп стандарттарына сәйкес келетін кеңістік құруға мүмкіндік берді.

   26 наурызда Қордың Директоры Сейдолла Гүлнар, қор қамқоршысы Мұқаметқали Алнур, «Дарын» орталығының басшылары және мектеп Директоры жаңа кабинеттің тұсау кесерін өткізіп, кабинетті іске қосты: Жәкула Күшікұлы атындағы химия және биология пәндерінен III аймақтық Олимпиаданың қатысушылары алғашқы қадам басты.

                                                                             

   Мұғалімдер тәжірибелерді сапалы түрде көрсетуге, практикалық сабақтар өткізуге және цифрлық ресурстарды пайдалануға мүмкіндік алды, ал оқушылар – қауіпсіз, функционалды және мотивациялық ортада білім алуға мүмкіндік алды.

   Айта кету керек, заманауи кабинет қордың тағы бір жобасы – «Жәкүла Күшікұлы атындағы химия және биология олимпиадасын» сәтті өткізуге ықпал етті. Бұл жолы Олимпиада алғаш рет Семей қаласында №42 мектеп-интернаты базасында 2025 жылдың 26-28 наурыз аралығында үш күн бойы өткізілді.

                                   

   Мектеп басшылығы Асқар Жақұлы атындағы қорға білім беруді дамытуға және балаларға қамқорлық көрсетуге қосқан үлесі үшін шынайы алғысын білдірді. Бұл жоба мектептің техникалық қайта жабдықталуында ғана емес, сонымен қатар жаратылыстану-ғылыми білім беру саласында сапа мәдениетін қалыптастыруда маңызды қадам болды.

 

Би Боранбай атындағы орта мектепте Асқар Жакулин атындағы биология кабинеті ашылды

26.09.2019 ж.

                             

    2019 жылдың қыркүйек айы. Асқар Жакулин атындағы қор қайырымдылық сынды қадірлі іспен айналысқан бірнеше жылдың ішінде талай жастың білімге ұмтылуына, біраз баланың денсаулығының түзелуіне, басқа да ізгі істерге мұрындық болды. Қордың атқарылған әрбір жақсы ісі көпшілікке жариялы түрде жүргізіліп келеді. Белгілі кәсіпкер, меценат Асқар Жакулиннің көзі тірі кезінде қолға алған шаралары ол кісі о дүниелік болған соң да іске асып жатыр. Айталық, Асқар мырза 2012 жылы ең алғаш рет ШҚО Тарбағатай ауданы, Қызылкесік ауылы Би Боранбай атындағы орта мектебінде өзінің атасы Жәкулә Күшікұлы атындағы химия-биология пәндерінен олимпиада ұйымдастырған болатын. Бұл шара осы уақытқа дейін жалғасын тауып келеді. Яғни, жыл сайын ШҚО облысында Жәкулә Күшікұлы атындағы химия-биология пәндерінен олимпиада өткізу дәстүрге айналған. Енді міне, жақында ШҚО Тарбағатай ауданы, Қызылкесік ауылы Би Боранбай атындағы орта мектебінде Асқар Жакулин атындағы биология кабинеті ашылды. Қыркүйектің 26-шы жұлдызында ШҚО Тарбағатай ауданы, Қызылкесік ауылы Би Боранбай атындағы орта мектебінде Асқар Жакулин атындағы биология кабинетінің ашылу салтанаты өтті. Бұл – мектеп ұжымының марқұм Асқар Жакулинге деген зор құрметі деуге болады. Аталған шараға Асқар ағамыздың ағалары Шаймұрат Кәкенұлы, Алмас Ахметбекұлы, Гүлнар Сейдолла Алматыдан арнайы барып, балаларға жаңа оқу жылына сәттілік тіледі. Биология кабинеті күрделі жөндеуден өткен, заманға сай жиһаздармен жабдықталған, кабинеттің өзі балалардың пәнге деген қызығушылығын арттыра түседі. Мұндай жаңашылдыққа оқушылар риза болды. Кабинеттің барлық шығынына «Компания Ас-Ай ЛТД» 1 170 000 теңге бөліп, демеушілік етті. Сондай-ақ Асқар Жакулин атындағы қор кабинетке принтер мен 7-11 сынып аралығындағы оқушылар үшін биология пәнінен электронды оқулықтар сыйға тартты. Мектептегі мерекелік іс-шарадан кейін Қызылкесік ауылында марқұм Асқар ағамыздың әруағына Құран бағыштап, ас берілді. Би Боранбай атындағы орта мектептің ұжымы Асқар Жакулиннің жары Жайна апайға деген алғыстарының шексіз екенін білдіріп, тілектерін жаудырды. Аудан әкімі мен мектеп басшылығы «Компания Ас-Ай ЛТД» алғыс хат табыстады.
Осы тұста Асқар Жакулин атындағы қордың шарапаты тиген тағы бір іс-шараны тілге тек еткенді жөн көріп отырмыз. Қор ШҚО облысында «Біз біргеміз» атты қайырымдылық қорымен бірлесіп, бір отбасыға баспаналы болу қуанышын сыйлауға атсалысты. ШҚО облысында «Біз біргеміз» қайырымдылық қоры жылда бір үй салып, баспанасы жоқ көпбалалы отбасына немесе тұрмыс жағдайы төмен жандарға көмек ретінде салынған үйді сыйға береді. Көпшілікке үлгі боларлық осы бір тамаша дәстүрге биыл Асқар Жакулин атындағы қор өз үлесін қосып, үйдің құрылысына «Компания Ас-Ай ЛТД» 1 млн теңге қаржы аударды. Міне, жақында, яғни 10 қазан күні Тарбағатай өңірінде жаңа үйдің салтанатты ашылуы болды. Аудан тұрғындары үшін осындай қуанышты жиында ұлт жанашыры болған Асқардай абзал азаматтың жары Жайна Жакулинаға "Мейірімді ана" аталымы бойынша арнайы сыйлық (естелік мүсін) берілді. Ауданның азаматтары атсалысып, жұртшылық жұмылып салынған үй баспанаға мұқтаж жандарға беріледі.