"ЖАҚСЫ ІСТІҢ БІР БӨЛІГІ БОЛ!" қайырымдылық кештер

«Францияға саяхат» француз музыкасының қайырымдылық концерті

«Францияға саяхат» француз музыкасының қайырымдылық концерті 

05.06.2022 жыл

5 маусым күні Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында «Францияға саяхат» француз музыкасының қайырымдылық концерті өтті. Концертке Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының жетекші солистері мен халықаралық байқаулардың лауреаттары  Динара Базарбаева – Сахаман – скрипка,Татьяна Казмирук – саксофон, Ержан Кушанов – флейта, Мақпал Қабден – фортепиано, Нұргүл Төлеуова – фортепиано, Рината Нұржанова – фортепиано, Майа Сепп– фортепиано, Муса Керимбаев – виолончель қатысып қайырымдылық көрсетті. Залда толы көрермен қайырымдылық концертін ыстық ықыласпен қабылдап, қошамет көрсетіп отырды. Шарада қордын директоры Сейдолла Гулнар сөз сөйлеп, солистерге және демеушілерге алғыс айтып естелікке  сый-сияпат табыс етті.

Қайырымдылық қордың басты мақсаты:

Мемлекеттік медициналық мекемелерді заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету. 

Түрлі қайырымдылық бағдарламаларын жүзеге асыру.

Концерттен түскен барлық қаражат қордың«Жаңарту» жобасына, атап айтқанда Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауылындағы Абай аудандық ауруханасына бағытталады.

Бүгінгі таңда "Жақсы істің бір бөлігі бол!" ұранымен онкологияға қарсы күресте көмек көрсетуді жалғастырудамыз.

Бізді қолдағандар:  Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы, Ас-Ай Компаниясы, концерттің солистері, Ravel Piano Arts School.

 

 

 

Асқар Жакулин атындағы қор қайырымдылық кешін өткізді.

15.09.2017 ж.

     «Бітер істің басына – Жақсы келер қасына» демекші, елімізде қайырымдылықпен айналысып жүрген азаматтардың дені игілікті істерді тындырып жүр деп ауыз толтырып айта аламыз. Мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, жұрттың алғысын алып жүргендердің бірі – Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қоры. Аталған қор жақсы істерді өздері ғана атқарып қоймай, қалталы, жомарт азаматтарды игі істерге жұмылдыру мақсатында жақында  Алматыда «Жақсы істің бір бөлігі бол!» деген атаумен қайырымдылық кешін өткізді. «Осы кештен түскен қаржы түгелдей қатерлі ісікке шалдыққан балалардың еміне және заманға сай емдік құрылғыларға жұмсалады». Асқар Жәкулин атындағы қордың құрылғанына небәрі бір жарым жыл болды. Осы аз уақыттың ішінде қор көптеген игілікті істер атқарып үлгерді. Бұған дейін де жазғанымыздай, бұл қорды осыдан бір жарым жыл бұрын қатерлі ісік дертіне көз жұмған белгілі кәсіпкер, парасатты азамат Асқар Жакулиннің жары Жайна Жакулина құрған болатын. Міне, сол уақыттан бері қор көптеген науқас балалардың ем алуына жағдай жасады, білімді балалар арасында олимпиада өткізіп, жеңімпаздарына оқу грантын тағайындады, бірнеше ауруханы жаңа медициналық құрылғылармен жабдықтауға септігін тигізді.  Енді міне, осы жылдардың ішінде атқарған шарапаты мол істерінің қорытындысы ретінде жақында аспан астында салтанатты кеш өткізді. Бұл шараға қазақтың игі жақсылары қатысты. Олар Асқар Жакулин атындағы қордың сауапты істеріне қолдау білдіріп, өздері де қолдарынан келгенше қайырымдылыққа атсалысты. Естеріңізде болса, балалардың жазғы демалысы кезінде қор мүшелері науқас балалар арасында «Әлем балалар көзімен» атты сурет фестивалін ұйымдастырған болатын. Осы жарыста алты жүлделі орын алған суреттер және суретшілердің қорға сыйға тартқан он бір туындылары салтанатты кеште аукционға түсті. Суреттер  10 000-нан 500 000 теңгеге дейін сатылды.    

Асқар Жәкулин атындағы қордың директоры Гүлнәр Сейдолла:

— Бүгінгі ұйымдастырылып отыған кешке 240 адам жиналыпты. О баста осындай кеш өткізбекші болғанымызда осыншама адам жиналады деп ойламаған едік. Қайырымдылық қорының кешіне келушілердің көп болғаны біз үшін үлкен жетістік. Біраз адамдар қайырымдылық іс-шараға атсалысуға ниет білдірді. Сол кісілердің әрқайсысына жеке алғысымды айтамын. Осы кеште жиналған қаржы түгелдей алдағы уақытта игілікті істерге жұмсалады. Біз алғаш рет ұйымдастырып отыған қайырымдылық кешімізді жыл сайын өткізуді әдетке айналдырмақпыз.

Айгүл Рахманқызы, «Ақсай» университеттік клиникасының бөлім меңгерушісі:

— Асқар Жакулин атындағы қордың арқасында қаншама анаға бақыт сыйладық. Өйткені баласының тынысы тарылып, дем ала алмай жатқанын көру ана үшін өте ауыр. Былтырға дейін бізде көмей, жұтқыншақ ауруларына шалдыққан балаларға ескі құрылғылармен ота жасау мүмкін болмағандықтан шетелге жіберуге мәжбүр болатынбыз. Қазір жаңа құрылғымен өз елімізде, өз ауруханамызда ота жасайтын  болдық. Аз ғана уақыттың ішінде қаншама баланың дертінен айыққанына куә болып, ата-аналардың алғысына бөленіп жатырмыз.

Жайна Жәкулина осы салтанатты кеште өзінің өмірден ерте озған жарына арнап жазған «Шексіз махаббат» атты кітабының тұсауын кесті. Сиясы кеппеген кітапқа белгілі қаламгерлердің өзі жоғары баға берді.

ҚАБДЕШ ЖҰМАДІЛОВ, Қазақстанның халық жазушысы:

— Бұл жай ғана кеш емес, жақсы бір ктаптың тұсаукесері екен. Жалпы кітаптың жарыққа шығуы баланың дүниеге келумен бірдей. Бұл кітап – Жайна келініміздің Асқар жайлы естеліктері. Кітап өте қарапайым, шынайы жазылған. Күйеуінің артында қалған жесірдің жарына деген махаббаты, мінәжаты Асқарды көкке көтеріп отырады. Қолжазбаны оқып отырып байқағаным, автор қазаққа табынады, аса қызығушылықпен қарайды. Халқымыздың қонақжайлылығына, бауырмалдығына ерекше тоқталады. Оның мынандай сөзі бар: «Біздің отбасымызда күйеуім қазақ, ұлым қазақ, қызым қазақ, аз ұлт өкілі мен болып қалдым» дейді. Осылайша ол қазақ халқына деген құрметінің ерекше екенін көрсетеді. Асқарға деген сүйіспеншлігі арқылы қазаққа деген махаббатын да жасырмайды.

Айнұр Нұрсабет