І аймақтық олимпиада

Жәкула Күшікұлы атындағы химия және биология пәндерінен І аймақтық олимпиада

24.04.2023 жыл                                                                                                    І аймақтық олимпиада

 

   Сәуірдің 24-25 күндері аралығында Өскемен қаласында Жәкула Күшікұлы атындағы химия және биология пәндерінен І аймақтық олимпиадасы жоғары дәрежеде өткізілді. Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының 31 ауданынаң жалпы білім беретін мекемелерінен 9-11 сыныптардан аудандық (қалалық) кезең жеңімпаздары қатысты. Олимпиада теориялық және практикалық айналым бойынша өтті. Жалпы 198 бала қатысты.

   Олимпиаданың жабылу салтанатына арнайы келген құрметті қонақтары ШҚО білім басқармасының басшысы Чернышёва Инесса Александровна және орынбасары Шаухина Динара Токсанбаевна.

    Қайырымдылық қор жеңімпаздары ақшалай сертификаттармен марапаттады: І-орын – 150 000 теңге, ІІ-орын  80 000 теіңге  және  ІІІ-орын – 30 000  теңге  көлемінде.  Жалпы  90  сертификат  6 060 000 (алты миллион алпыс мың ) теңгеге берілді.

   Қордың мақсаты - химия және биология пәндерінен медицина бағытында балалардың білімін тереңдетіп, өскелең ұрпақтың осы салаға деген қызығушылығын арттыру.

Жеңімпаздарды құттықтаймыз!

 

    Сәуірдің 26-27 күндері қордың директоры Сейдолла Гүлнар  мен жоба менеджері Костаулетова Айсулу  «Олимпиада», «Үздік дәрігер» жобаларының мәселесімен Семей қаласындағы «Семей медицина университетінің»  Басқарма төрағасы-ректоры Дюсупов Алтай Ахметкалиевпен,  Басқарма төрағасының клиникалық және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жөніндегі орынбасары Думан Берікұлымен  кездесті.

    Сондай-ақ  Абай облысының білім басқармасының басшысы Ахметқалиев Нұржан Нығметоллаұлымен және  Дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығының басшысы Оспанова Светлана Сагидоллоқызымен «Олимпиада»  жұмыстары қарастырылды.

 

 

13.04.2023 жыл                                                                                                                        ХІ-і аудандық олимпиада 

2023 жылдың 13 сәуірі күні  Абай  облысы  Ақсуат ауданы Қызыл кесік ауылы «Би Боранбай» атындағы орта мектепте  Жәкула Күшікұлы атындағы химия-биология пәндерінен XІ-ші рет  аудандық олимпиада өтті. Олимпиаға  Ақсуат ауданындағы 11 мектептің 80-ге жуық 9-11 сынып оқушылары қатысып, білім сайысына түсті. Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қоры 1-ші орын алған 6 жеңімпазды 30 000 (отыз мың) теңгеден марапаттады.

 

 

Олимпиада 2022

07.04.2022 жыл

   

    Жәкула Күшікұлы атындағы химия және биология  пәндерінен  олимпиаданың аудандық  кезеңі 2022 жылдың 04 сәуірі Тарбағатай ауданы, Қызылкесік ауылындағы “Би Боранбай” атындағы орта мектебінде өтсе, олимпиаданың  ІІІ-облыстық  кезеңі 2022 жылдың 7 сәуірі Өскемен қаласында "Дарын" өңірлік ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен  С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде  өтті. Пандемияның орын алуына байланысты  екі жыл облыстық олимпиада тоқтап қалған еді. Атап кетсек, марқұм Асқар Жакулин 2012 жылы алғаш өткізген осы аудандық олимпиадаға 10 жыл толып отыр. Осыған орай қор 1000 ваттық музыкалық аппаратураны “Би Боранбай” атындағы орта мектебіне сыйға тартты.

   Олимпиаданың негізгі мақсаттары мен міндеттері: Оқушылардың медицинаға деген қызығушылығын дамыту, дарынды және талантты балаларды анықтау, Шығыс Қазақстан облысында білім берудің беделін көтеру болып табылады.

   Аудандық олимпиадада І-орын алған жеңімпазды қор Смарт-сағатпен марапаттаса, ІІ-орын алған он тоғыз жеңімпазға жергілікті меценат 5000 теңгеден сыйға татты.

    Қайырымдылық қор облыстық олимпиада жеңімпаздарын ақшалай сертификаттармен марапаттады: І-орын – 150 000 теңге, ІІ-орын  80 000 теіңге  және  ІІІ-орын – 30 000  теңге  көлемінде.  Жалпы  90  сертификат  6 060 000 (алты миллион алпыс мың ) теңгеге берілді.

   Тағы бір қуанышты жаңалығымыз С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры М.Төлеген мырза олимпиадада жеңімпаз болған екі 11-сынып түлектеріне Тарбағатай ауданының Ақмектеп орта мектебінің оқушысы Балжан Бауыржанқызына «Химия» пәні бойынша, Алтай ауданының Зубовка орта мектебінің оқушысы Вероника Беловаға «Биология» пәні бойынша 4 жылдық оқу грантын табыстады.         

   

 

14 және 15 сәуір аралығында Жәкула Күшікұлы атындағы химия-биология пәндері бойынша жоғары сынып оқушылары арасында Тарбағатай аудандық олимпиада өтті

14-15.04.2021 ж.

                                                           

   9-10-11 сынып оқушылары арасында химия және биология пәндерінен облыстық олимпиада шектеулерге байланысты 2 жыл өткізілмеді. Олимпиада мақсаты-қабілетті де, дарынды оқушыларды анықтап, келешекте өркендетуге бар күштерін салатын маман болып шығатын оқушыларды іріктеу, қалаған мамандықтарын таңдап, ізденуіне қолдау көрсету. 2012 жылдан Асқар Жакулиннің өз бастамасымен жыл сайын өткізілетін олимпиада, осы жылы карантин талаптары сақталып, бір сыныптың оқушылары бір бөлмеде және бір партада бір баладан отырғызылды. Бұл білім беру іс-шарасы жыл сайын ШҚО-да болыс болған, әскери дәрігер Жакула Күшікұлының құрметіне өткізіледі. А. Жакулин атындағы қайырымдылық қоры жеңімпаздарды бағалы сыйлықтармен марапаттады. Яғни 1 орын алған 6 жеңімпазға планшет сыйлығын ұсынады. Олимпиаданың қорытындысы бойынша Ю. Гагарин атын. орта мектебінің 11 сынып оқушысы Жеңіс Баян химия пәнінен, К. Нурбаев атын. орта мектебінің оқушысы Ержанқызы Зарина биология пәнінен, Ш.Уәлиханов атын. орта мектебінің 10 сынып оқушысы Ерсаинова Аяжан биология пәнінен, М. Ауезов атын. орта мектебінің Мадиярова Улпан химия пәнінен, Қ.Қайсенов атын. орта мектебінің 9 сынып оқушысы Әсетов Есенжан биология пәнінен және Би Боранбай атын. орта мектебінің Тілеужанов Әли химия пәнінен 1 орын иеленушілері.

 

 

Жеңімпаз жеткіншектер 5 күндік саяхатта болды

30-04.04.2019 ж.

                                   

    Ел ертеңі – білімді жастар демекші, естеріңізде болса Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қоры 2019 жылдың 13-наурызында Тарбағатай ауданында  өткен Жәкула Күшікұлы атындағы аудандық олимпиаданың жеңімпаздарына 5 күндік жолдама сыйлады. Бұл жолдаманы сыйлаудағы мақсат – жоғарғы сынып оқушылары мектеп бітіргенге дейін әсем қала Алматымен танысып, жоғарғы оқу орындарын көру, өздері қалаған оқу орындарына тапсыру үшін қандай деректер керек болса соны біліп қайтсын дедік. Балалар 30-сәуір мен 4-мамыр аралығында Алматы қаласында әдемі саяхатта болды. Университет, театр, кино, табиғат, қаланың әсем жерлері балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Олар үшін ұмытылмастай демалыс болғанын өз шығармаларында көрсетіп, Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қорына және де Чжан Вэй (Жайна Жакулина) ханымға ерекше алғыстарын білдірді. Біз оларға алдағы мемлекеттік емтихандарын үздік тапсырып, армандарының орындалуына тілекші болдық! Қуанса, бала қуансын. Балаларды қуантқаннан артық не бар, бұл өмірде? Олардың жайнаған жүзін көріп, күміс күлкісін естіп, тамашалағаннан артық ғажап нәрсе болмас. Баланы қуанту – әлемге шуақ шашумен тең. Өйткені, балақайлар – болашағымыздың баянды жолы, өміріміздің мәні, көңіліміздің сәні. Балаға жасалған бар жақсылық болашақ жолындағы ұлы іспен тең десек, келісерсіздер. 

 

 

Облыстық олимпиада өз мәресіне жетті

10-12.04.2019 ж.

                                                    

                                    

    2019 жылдың сәуір айы. Ел ертеңі бүгіннен басталатынын терең түсінген дана халқымыз ежелден «Бала – өмір жалғасы» деп біліп, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Егеменді еліміздің тірегі – білімді, тәрбиелі ұрпақ. Болашақта еліміздің мәртебесін көкке көтеріп, экономикасын дамытатын, барша әлемге Қазақстанды паш ететін бүгінгі білімді жас ұрпақ үшін елімізде ұйымдастырылатын білім сайыстарының маңызы зор. Өскелең ұрпақты ынталандырып, жыл сайын білім жарысын ұйымдастырып, білімді жастарға демеушілік танытып жүрген Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қоры биыл да жылдағы дәстүрден жаңылған жоқ.

   Сәуірдің 10-12 жұлдызы аралығында С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті базасында 9-11 сынып оқушылары арасында химия және биология пәндерінен Жәкула Күшікұлы атындағы облыстық олимпиада өтті. Олимпиадаға облыстық білім беру ұйымдарынан аудандық, қалалық кезеңдерінен өткен 200-дей 9-11 сынып оқушылары қатысты.

  Бұл білім жарысы осы Шығыс өңіріне кеңінен танымал білімді, өз ісінің шебері, білікті дәрігер Жәкула Күшікұлының құрметіне жыл сайын ұйымдастырылады. Естеріңізде болса, осыдан бір ай бұрын аудандық олимпиада ШҚО Тарбағатай ауданы, Қызыл кесік ауылы, «Би Боранбай атындағы орта мектебінде  өткізілген еді. Енді міне, облыстық жарыстың да кезеңі келді. 

   Жәкула Күшікұлы 1881-1885 жылдары Омбы фельдшерлік мектебінде медициналық білім алып, кейіннен әскери дәрігер, губерния хатшысы қызметін атқарған. Ол 1909-1920 жылдары Семей облыстық округінде басшылық қызмет істеді. Осынау тұлғаның құрметіне немересі, белгілі меценат Асқар Жакулин мырза  2012 жылдан бері Шығыс Қазақсан облысында химия және биология пәндерінен олимпиада өткізуді қолға алған еді. Кейіннен Асқар мырза дүние салғаннан кейін оның игі ісін Асқар Жакулин атындағы қор жалғастырып келеді. Қазіргі біліммен бәсекелесетін заманда мұндай жарыстар өскелең ұрпаққа керек. Олимпиаданың мақсаты да сол – оқушылардың химия және биология пәндеріне деген қызығушылықтарын арттырып, ғылыми дүниетанымдарын кеңейту, дарынды балаларды анықтап, оларға қолдау көрсету, кәсіби бағыт-бағдар беру.

Олимпиаданың облыстық кезеңі екі айналымнан тұрады, бірінші айналымда жарысқа қатысушылар теориялық тестілеуден өтті, екінші айналымда практикалық тапсырмаларды орындады. Жарыс өте тартысты өтті. Олимпиада жүлдегерлері мен жеңімпаздары I,II, III дәрежелі дипломдармен марапатталып, оларға естелік сыйлықтар табыс етілді. Бірінші орын иегерлеріне 18 ноутбук, екінші орын иегерлеріне 24 Xiaomi смартфондары, үшінші орын алғандарға да 48 Xiaomi телефондары сыйға берілді. Жүзден жүйрік шыққан оқушыларды білім сайысына арнайы шақырылған құрметті қонақтар марапаттады. 
Жүлделі бірінші орынды ШҚО білім басқармасынан келген қонақпен бірге Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Түркітану және Алтайтану орталығының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Бахыт Еженханұлы салтанатты түрде тапсырды. Екінші орынды Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қорының қамқоршысы, «Компания Ас- Ай» ЖШС сервис бөлімінің бастығы Мукаметали Әлнұр және ШҚО өңірлік ғылыми-практикалық "Дарын" орталығы директорының міндетін атқарушы Рақымжанова Гаухар табыс етті. Үшінші орынды «Промтехмонтаж» ЖШС басшысы, «Ас- Ай» компаниясының тұрақты клиенті Сақалбаев Абылдабек Жанымханұлы мен Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қордың директоры Сейдолла Гүлнар табыстады. 
Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қордың кеңсе менеджері Мұхамадиева Назым Әкімбекқызы ұйымдастыру жұмыстарына атсалысты.

 

 

Жәкула Күшікұлы атындағы аудандық олимпиада өтті

13.03.2019 ж.                   

   2019 жылдың наурыз айы. Жылдағы дәстүр бойынша биыл да Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қоры қазақтан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі Жәкула Күшікұлы атындағы аудандық олимпиаданы абыроймен өткізді. Білім жарысы 13 наурыз күні өтті. Биылғы аудандық олимпиада ШҚО Тарбағатай ауданы, Қызыл кесік ауылы, «Би Боранбай атындағы орта мектебінде аудан көлемінде өткізілді. Естеріңізде болса, Жәкула Күшікұлы атындағы олимпиада ең алғаш рет 2012 жылы Асқар Жакулиннің өз бастамасымен осы «Би Боранбай атындағы орта мектебінде» жоғары сынып оқушыларының арасында ұйымдастырылған еді. Сол кезде белгілі кәсіпкер, ұлт жанашыры, білімді азамат Асқар Жакулин жарысты өзінің атасы Жәкула Күшікұлының құрметіне орай өткізген болатын. Асқар мырза өмірден озғаннан кейін оның осы ісін Асқар Жакулин атындағы қор қолға алып, олимпиаданы жыл сайын өткізіп тұруды дәстүрге айналдырды. Алғаш аудандық деңгейде өткізілген олимпиада соңғы жылдары облыстық деңгейге көтерілді. Былтыр облыстық деңгейге көтеріліп алғаш рет Өскемен қаласындағы химия-биология бағытындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебінде» өткізілді.
    Химия-биология пәндері бойынша өткен білім додасына осы жолы 86 оқушы қатысты. Екі ауылдың оқушылары ауа-райының қолайсыздығы мен жолдың нашарлығына байланысты олимпиадаға келе алмай қалды. Қайырымдылық қорының атынан Мұхамадиева Назым Әкімбекқызы және Асқар ағаның бауыры Ертуған Төлендіұлы арнайы барып, жеңімпаздарды құттықтады. Бірінші орын алған 6 оқушыға Алматы қаласына 5 күндік демалыс жолдамасы табыс етілді. Олар сәуір айында Алматыға келіп,алдымен жоғарғы оқу орындарымен танысып кейін Алматының әсем жерлерін аралайды. Жолдама сыйлаудың мақсаты да осы болатын, жоғарғы сынып оқушыларына бағыт бағдар беріп, алдағы жылы оқу орнын дұрыс таңдау. Бірінші, екінші орынды иеленген 18 оқушы облыстық олимпиадаға жолдама алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, білім додасы өте тартысты әрі әділ өтті. Қайырымдылық қорының осы жарысты ұйымдастырудағы негізгі мақсаты – химия-биология, медицина бағытында балалардың білімін тереңдетіп, өскелең ұрпақтың осы сала бойынша жетістіктерге жетуіне мұрындық болу. Ендеше қор қызметкерлерінің еңбегі жанып, білімді жастар көбейе бергей!

Айнұр Сенбаева

 

Жәкула Күшікұлы атындағы облыстық олимпиада өз мәресесіне жетті

11.04.2018 ж. 

                       

    Өскемен қаласында қазақтан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі Жәкула Күшікұлы атындағы облыстық олимпиада өтті. Бірнеше жылдан бері Шығыс Қазақстан жерінде өткізіліп келе жатқан білім сайысы биыл облыстық дәрежеге ие болды. Келешек ұрпаққа керек мұндай шараны биыл Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қоры Өскемендегі «Дарын» ғылыми-практикалық орталығымен бірлесіп ұйымдастырды. Олимпиада 11-12 сәуір аралығында Өскемен қаласындағы химия-биология бағытындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебінде» өтті. Жәкула Күшікұлы атындағы химия-биология пәндерінің I облыстық олимпиадасына 200 оқушы қатысты. Қатысушылардың барлығы бұған дейін аудандық жарыстарда үздік нәтижеге ие болғандар.

    Ұйымдастырушылардың негізгі мақсаты –  химия–биология пәндерінен медицина бағытында балалардың білімін тереңдетіп, өскелең ұрпақтың осы салаға деген қызығушылығын арттыру.  Хәкім Абай он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрселермен оздым демектің бәрі де – ақымақшылдық...» деген еді. Қазіргі заманда еліміз үшін білімімен озатын жастардың көп болуы аса маңызды болып отыр.

    Гүлнар Сейдолла, Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қордың директоры: – Біздің мақсатымыз  қабілетті де, дарынды оқушыларды анықтап, олардың ізденуіне қолдау көрсету, химия және биологияны оқуға қызығушылықтарын арттыру, қалаған мамандықтарын таңдап, келешекті өркендетуге бар күштерін салатын маман болып шығатын оқушыларды іріктеу, зияткерлік дамуын және кәсіби бағыт–бағдарын қолдау. Егер осы жарыстан бір оқушы өзінің болашағына қажетін алып, болашақта жетістіктерге жетіп жатса, біздің еңбегіміздің ақталғаны.

    Естеріңізге сала кетейік, Жәкула Күшікұлы атындағы олимпиада ең алғаш рет  2012  жылы ШҚО Тарбағатай ауданы «Би Боранбай атындағы орта мектебінде» жоғары сынып оқушыларының арасында ұйымдастырылған еді. Сол кезде белгілі кәсіпкер, ұлт жанашыры, білімді азамат Асқар Жакулин осы жарысты өзінің атасы Жәкула  Күшікұлының құрметіне орай өткізген еді. Кейін Асқар мырза өмірден озғаннан кейін оның өсиеті бойынша осы ісін Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қоры қолға алып, олимпиаданы жыл сайын өткізіп тұруды дәстүрге айналдырды. Өткен жылы Жәкула Күшікұлы атындағы аудандық олимпиада ШҚО Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылындағы К.Нұрбаев атындағы орта-мектепте өткен еді. Міне, биыл олимпиада облыстық олимпиада дәрежесіне көтерілді. Жарыста «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан білімді балаларға бағалы сыйлықтарды Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қор табыс етті. Ең үздік  деп танылған I-орын иеленген 18 оқушыға  Asus X541N ноутбугі, II-орынға ие болған  24 оқушыға Xiomi Redmi смартфон ұялы телефоны және  III-орынды қанжығасына байлаған  48  оқушыға  Huawei Y3 ұялы телефондары сыйға берілді. Жәкула Күшікұлының туған жерінен келген Тарбағатай ауданының  оқушыларына 9 номинация беріліп Huawei Y3 ұялы телефондарын сыйға тартты. Сонымен қоса қатысқан оқушылардың бәріне және жетекшілеріне фондтың логотипімен кепка сыйға берілді.

    Облыс орталығында өткен олимпиада білім сайысы ғана емес, қатысушылар асыға күтетін тағылымы мол үлкен шара. Бұл жарыстың ойдағыдай өтуіне Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қордың мүшелері, басқа да құрметті азаматтар атсалысты. Биылғы жарыстан кейін Қазақстанның мәдениет қайраткері, Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Алмас Ахметбекұлы жарысқа қатысқан оқушылармен кездесіп, оларға Жәкула Күшікұлы, Асқар Жакулин туралы әңгімелеп берді. Оқушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап беріп, пікір алмасты. Әр мектепке «Жәкула болыс», «Шексіз махаббат», «Құттыбай мен Ақтайлақ»  кітаптарын сыйға тартты. Сондай-ақ  Әл-Фараби атындағы  Қазақ ұлттық университеті  Шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының процессоры, тарих ғылымдарының докторы, «Қазіргі  заманғы  Қытайды  зерттеу  орталығының»  директоры Нәбижан Мұқаметханұлы, қытай қазақ тілдерінен  аудармашы Әрмиябек Сағындықұлы да Шығыс Қазақстан жерінде өткен олимпиадаға қонақ ретінде қатысты. Марқұм Асқар Жакулиннің жары, Ас-Ай компаниясының директоры, Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қордың құрылтайшысы Жайна Жакулина,  Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қордың директоры Сейдолла Гүлнар және басқа да қызметкерлер облыстық олимпиаданың жоғары деңгейде өтуіне  атсалысты.

 

 

Жәкула Күшікұлы атындағы аудандық олимпиада облыстық дәрежесіне ие болды

 03.2018 ж.

    Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қоры 2017 жылдың сәуір айында өткізген "Жәкула Күшікұлы" атындағы 9-11 сынып оқушылар арасында биология және химия пәндері бойынша V-ші аудандық олимпиадасы, биылдан бастап облыстық олимпиада дәрежесіне ие болды!
    2018 жылы сәуірдің 11-12 күндер аралығында Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында VI-шы олимпиада өткізіледі, яғни "Жәкула Күшікұлы" атындағы 9-11 сынып оқушыларының биология және химия пәндері бойынша І-ші облыстық олимпиада болмақ. Бұл реттегі олимпиада электронды жүргізілетін болады. Олимпиада Шығыс Қазақстан облысының 19 ауданынан 150 мектептерге жуық, 8 арнайы мектептер және екі Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары сайысқа түседі. Мектеп аралық және аудандық екі тур нәтижесі бойынша биология пәнінен 101 оқушы, химия пәнінен 99 оқушы жолдама алып, жалпы 200 үздік оқушы облыс олимпиадасына қатысады. Бірінші, екінші және үшінші жүлделі орындарға ие болған 90 оқушыға қор диплом мен сыйлық табыстайды. "Жәкула Күшікұлы" атындағы 9-11 сынып оқушыларының биология және химия пәндері бойынша олимпиада марқұм Асқар Жакулин мырзаның бастауымен, Омбыдағы фельшерлік техникумды­ бітірген, патша армиясының әскери дәрігері болған атасы Жәкула Күшікұлын еске алу, шеткі аймақтарда орналасқан Тарбағатай ауданының орта мектеп оқушыларының биология және химия пәндеріне деген қызығушылықтарын арттыру мақсаттарында ұйымдастырылған. Сондықтан, облыстық олимпиадаға қатысқан Тарбағатай ауданының оқушыларына арнайы 9 көтермелеу сыйлығы тағайындалып отыр. 
    Қордың мақсаты - Асқар Жакулиннің тілеуімен, Шығыс Қазақстан облысының жас өспірімдерінің химия және биологияны оқуға қызығушылықтарын арттыру, талантты және дарынды оқушыларды анықтау, зияткерлік дамуын және кәсіби бағыт-бағдарын қолдау! Асқар Жакулиннің жатқан жері жайлы болсын! Әмин!

 

Жас өрендер – болашығы елімнің

08.04.2017 ж.

                     

    Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қоры ШҚО Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылында химия-биология пәндерінен 9-10-11 сынып оқушылары арасында олимпиада өткізді. Жәкула Күшікұлы атындағы аудандық олимпиада ШҚО Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылындағы К.Нұрбаев атындағы орта-мектепте 2017 жылдың 8-сәуірінде өтті. Осы өңірде бесінші рет ұйымдастырылып отырған олимпиадаға Тарбағатай ауданындағы отыздан астам мектептердің жоғары сынып оқушылары қатысып, білім сайысына түсті. Ұлттың болашағы  – білімді де, парасатты ұрпақ. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Бәсекеге қабілетті, дамыған мемлекет болу үшін, біз, сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек... Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғаны қашан. Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс. Сондай-ақ, балаларымыздың, жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет. Балаларымыздың қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды» деген еді. Ал жастарымыз білімді болу үшін, әрине оларға дұрыс бағыт-бағдар көрсету, қолдау білдіру – қізіргі қоғамның алдында тұрған міндет. Бүгінде жер-жерде қазақ балаларының білім алуына жағдай жасап, қол ұшын беріп жүрген азаматтар жоқ емес. Осындай арда азаматтардың бірі марқұм Асқар Жакулин еді. Ол көзі тірі кезінде атажұрты Қазақстанға сонау Қытай елінен қоныс аударып, жеке кәсібін дөңгелетіп, жастарға қолдау білдіріп, қолынан келгенінше игі істер атқарып кетті. Өзі кетсе де, соңында өшпес із қалдырған азаматтың игі істерінің бірі жоғарыда айтылған олимпиада. 

    Осыдан бес жыл бұрын Асқар Жакулин өзінің атасы Жакулә Күшікұлының құрметіне орай Ақсуат ауданы мектептерінің жоғары сынып оқушыларының арасында олимпиаданы алғаш рет ұйымдастырған болатын. Жәкула Күшікұлы – 1863 жылы туып, Омбы фельдшерлік мектебін бітірген қазақтың тұңғыш оқымысты дәрігерлерінің бірі. 25 жылдан астам дәрігерлік, он жылға жуық болыстық қызмет атқарған Ж.Күшікұлы туған өңірі оқу-білімге қол жеткізуі үшін мектеп ашып, Алаш қозғалысының ағартушылық бағытына жәрдем еткен азамат. Жәкула Күшікұлы  атындағы олимпиаданы ұлт арысының туғанына 150 жыл толуына орай немересі Асқар Жәкулин ұйымдастырған еді. Асқар Жәкулин 2016 жылдың ақпан айында дүниеден озғанымен, Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қоры олимпиаданы ары қарай жалғастырып өткізіп отыр.  Арыстай азаматтың жұбайы Жайна Жакулина 2016 жылдың 14-наурызында Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қорын құрған болатын. Олимпиаданың мақсаты – қабілетті де, дарынды оқушыларды анықтап, олардың ізденуіне қолдау көрсету, қалаған мамандықтарын таңдап, келешекті өркендетуге бар күштерін салатын маман болып шығатын оқушыларды іріктеу, дарынды балаларды белсенді танымдық қызметке деген қызығушылығын арттыру.

    Бесінші рет өткізіліп отырған олимпиадаға Қытайдан арнайы қонақтар келді. Олар: Алғадай Жакулин – Шыңжаң ұйғыр автономиялық районы Егін және мал шаруашылықтарын механизациялау мен технологияны енгізу және дамыту бас станциясының басшысы болған тәжірибелі маман. Жоғары дәрежелі инженер, Жакулин Асқардың ағасы; Гүлбану Бұлантайқызы – Шыңжаң медициналық университетінің бірінші ауруханасының буын хирургиялық бөлімінің бас медбикесі, Жакулин Алғадай ағаның жұбайы; Серік Жакулин – Шыңжаң медициналық университетінің бірінші ауруханасының хирургиялық орталық басшысының орынбасары, қан тамырлар қалқанша безінің хирургиялық бөлімінің меңгерушісі, профессор, Асқар Жакулиннің ағасы; Сақбаев Алмас Ахметбекұлы, ақын, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері; Гүлнар Сейдолла – Асқар Жакулин атындағы қайырымдылық қордың директоры; Сәдуақасова Ақмарал Құдайбергенқызы – Асқар Жакулинин атындағы қор директорының ассистенті. Ауданаралық олимпиаданың ашылу салтанатына Ақсуат ауданы әкімі Оразбаев Ділдәбек Тәжібайұлы қатысып сөз сөйледі. Ол осынау игі шараны ұйымдастырып отырған Асқар Жакулин атындағы қорға алғысын білдіріп, олимпиадаға қатысуға ниет білдірген жас талаптарға сәттілік тіледі. Қытай елінен делегацияны бастап келген Алғадай Жакулин мырза өз кезегінде осындай білім сайыстарының жас ұрпаққа берері мол екенін тілге тиек ете отырып, оқушыларға батасын берді. Ал мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Үрпежанова Жанар Зағыпанқызы қонақтарды олипиаданың жүру барысымен, қатысушылармен таныстырды. Олимпиада өткен К.Нұрбаев атындағы мектеп оқушылары алыстан келген қонақтарға құрмет көрсетіп, өлеңдерін оқып, әндерін салды. 11-сынып оқушысы Алдаберген Аян деген оқушы Асқар Жакулиннің жүрекжарды туындысын оқып берді. Сондай-ақ салтанатты шарада Алмас Ахметбекұлының сөзіне жазылған Ермұрат Зейіпханұлының «Көк тудың желбірегені» әнін 9-сынып оқушысы Задан Аян әуелетіп орындады. Олимпиада жеңімпаздары бағалы сыйлықтар және дипломмен марапатталды (36 жүлде). Қатысқан барлық оқушыға сертификат табысталды.

 Дерек:

    Жакулә Күшікұлы атындағы химия-биология пәндері бойынша аудандық олимпиаданың алғашқы ұйымдастыршуысы, қаржыландырушысы Асқар Жакулиннің өмірі мен еңбек жолы жас ұрпаққа өнеге.Асқар Жакулин 1965 жылы 7 қарашада Қытай жерінде дүниеге келген, Германияда білім алған. Қытай Халық Республикасының ең жоғарғы Шинхуа университетін үздік бітірген. Қазақстанға келіп қызмет еткен ол «Ас-Ай» компаниясын құрды. Компанияның құрылу тарихы 2002 жылдан басталған, компанияның мақсаты – нарықта Қытайда өндірілген арнайы техниканы сату мен таныстыру. О баста компанияда он-ақ адам жұмыс істеді, ал машиналар саны 50 ғана еді. Аз ғана уақыттың ішінде «Ас-Ай» компаниясы арнайы техникалар нарығында жетекші компания ретінде қалыптасты. Қытайдағы ең алғаш «Ауыл» сайтының негізін қалаған да Асқар Жакулин болған. Көптеген ғылыми, мәдени жобаларға демеушілік жасаған арда азаматтың артында бір ұл, бір қызы қалды. Асқар Әнуарұлы 2016 жылдың 2 ақпанында ұзаққа созылған ауыр дерттен  көз жұмды, өзінің өсиеті бойынша ол Алматы қаласында жерленді.